Табысты мектеп – таңдалған мектеп
Мегаполистегі мектеп: сапа стратегиясы білім беру ресурсы ретінде
Біз үшін Алматы қаласының «Үздік білім беру ұйымы» атану - зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік.
Бұл марапат – жүйелі жұмыстың, педагогикалық ұжым кәсібилігінің және оқушылар, ата-аналар мен қоғам алдындағы жоғары жауапкершіліктің нәтижесі. «№79 гимназия» КММ (бұдан әрі №79 гимназия) – 1714 оқушы мен 109 педагогты біріктірген, заманауи әрі қарқынды дамып келе жатқан білім ордасы.
Біздің кредомыз - «Тұлғалық өсу гимназиясы», ал миссиямыз — инновациялық білім беру арқылы Қазақстанның зияткерлік және рухани әлеуетін дамыту, құзыретті және адамгершілігі жоғары азамат тәрбиелеу.
Алматы – барлық сала қарқынды дамып келе жатқан қала, сондықтан білім беру жүйесі де бұл үдеріспен қатар дамуы тиіс. Біздің міндетіміз – жай ғана оқыту емес, оқушыны мегаполис экожүйесінде өмір сүруге бейімдеу. Бұл жерде білім, икемділік және жауапкершілік – табыстың негізгі шарты.
Біз күн сайын мынадай сын-қатерлермен бетпе-бет келеміз:
- балалар – цифрлық әлемде өмір сүреді;
- ата-аналар жылдам нәтижені күтеді;
- педагогтер классикалық және инновациялық тәсілдерді біріктіруі қажет.
Дәл осы сын-қатерлер біз үшін өсу мен дамудың ресурсына айналады.
Өйткені мегаполис бізді бір мезгілде икемді, ақылды және жанашыр болуға үйретеді.
Ішкі миграция да назардан тыс қалмайды. Сондықтан мектеп жұмысы әр оқу жылының басында әлеуметтік паспорт құрастырудан басталады. Бұл мәліметтер – тек статистика емес, мектеп қызметін жоспарлау мен түзетудің нақты негізі. Біз ақпаратты есеп үшін емес, оқу-тәрбие үдерісін жетілдіру, оқушылар, ата-аналар және педагогтар сұраныстарын ескеру үшін жинаймыз.
№79 гимназия ұжымы – өз ісіне адал, кәсіби мамандар тобы.
Педагогтердің 97%-дан астамы жоғары білімді, 15-і педагогика ғылымдарының магистрі. Педагогтердің 50%-дан астамы – зерттеуші және шебер педагогтер.
Біз мектеп сапасы – педагог сапасынан бастау алатынына сенеміз.
Біздің түсінігімізде сапа - журналдағы баға емес. Гимназиядағы сапа жүйесі төрт құрамдас бөлікке негізделген: Білім сапасы – Педагогика сапасы – Қарым-қатынас сапасы – Орта сапасы.
1. Білім сапасы – бұл тек үлгерім пайызы емес. Бұл – академиялық табыстылық, жеке білім траекториясы, мониторинг пен диагностика жүйесі, сабақ пен қосымша іс-шаралардың байланысы.
Басты мақсат – білім беріп қана қоймай, оны өмірде қолдануға үйрету. PISA–2022 халықаралық зерттеуінің нәтижесі бойынша, Қазақстан алғаш рет математика және жаратылыстану бағыттары бойынша әлемнің ТОП–50 еліне енді. №79 гимназия осы зерттеуге қатысып, ел көрсеткіштерінен жоғары нәтиже көрсетті, ал бірқатар бағыттар бойынша БҰҰЭСР елдерінің көрсеткіштеріне тең немесе одан жоғары нәтижелер көрсетті.
2. Педагогика сапасы – бұл педагогтің кәсібилігі, икемділігі және үздіксіз дамуы. Басты идея: мықты педагог мықты мектепті қалыптастырады.
Ішкі бақылау жүйесі мен педагогтерді қолдау «Әдістеме. Педагогтің KPI-і» мектептік педагогикалық қауымдастығы арқылы жүзеге асырылады, бұл тәжірибе алмасу, шағын шеберлік сабақтар, кеңестер өткізу алаңы. Барлық педагогтердің электронды портфолиосы бар. Мотивация және мойындау механизмі ретінде педагогикалық табыстың рейтингтік жүйесі енгізілген.
2024 жылдан бастап Швейцариядағы тағылымдаманың нәтижесінде әзірленген
«Білім сапасын жасанды интеллект арқылы арттыру» бағдарламасы аясында
«Білім сапасын арттыру құралы ретінде жасанды интеллект» атты семинарлар сериясы ұйымдастырылды.
3. Қарым-қатынас сапасы – бұл барлық қатысушыларды біріктіретін қарым-қатынас мәдениеті. Басты қағида: сенім сапаны тудырады, сапа сенімді нығайтады.
Жан жылуынсыз ешқандай стратегия табысты болмайды. 2028 жылға дейінгі №79 гимназияның даму бағдарламасының негізгі бағыттары – «Үніңе құлақ түретін мектеп» және «Тұлғалық өсу гимназиясы» жобалары.
Біз әр баланың үнін еститін, түсінетін сенім мектебін құрамыз.
Тәрбиелік жүйе «Адал азамат» ұлттық құндылықтары, көптілділік және мектеп пен отбасы ынтымақтастығы қағидаларына негізделген.
«Бәйтерек» мектеп хоры 2015 жылы Сочи қаласында өткен IX Дүниежүзілік хор ойындарының алтын медаль иегері, сондай-ақ 2019 жылы Чехияда өткен 47-ші халықаралық байқаудың жеңімпазы болып табылады.
Өткен оқу жылында ұжым алғашқы қалалық мектеп хоры байқауында 1-орынды иеленді.
Біз жоғары оқу орындарымен, ұйымдармен, түлектермен және ата-аналармен әріптестік экожүйесін құрамыз. Мегаполисте мектеп жай ғана мекеме емес, білім мен бірлікті тоғыстырған кеңістік. Біз үлкен қаланың бір бөлігіміз және бұл зор мүмкіндіктер береді.
Қазіргі уақытта гимназия ҚР-ның жетекші жоғары оқу орындарымен (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай ат. ҚазҰПУ, Абылайхан ат. ҚазХҚ және ӘТУ), Бішкек гуманитарлық университетімен (Қырғыз Республикасы) және Ферғана мемлекеттік университетімен (Өзбекстан Республикасы), сондай-ақ оқушыларымыз белсенді қатысатын халықаралық еріктілік ұйымдарымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойған.
ЖОО-лармен серіктестікте «Мектеп-ЖОО-Карьера» білім беру маршруттарын жүзеге асырамыз. «Интерактив – Педагогикалық сынып» білім беру бағдарламасын іске асыру аясында ЖОО өкілдерімен кездесулер, ашық және тәжірибелік сабақтар өткізіледі. Ашылғанына үш жыл болған педагогикалық сыныптың нәтижесінде гимназияның 9 түлегі педагогикалық мамандықтарға түсті:
– Жаратылыстану-математика бағыты бойынша 6 (физика – 3, математика – 2, биология – 1),
– Гуманитарлық бағыт бойынша 3 (ағылшын тілі – 3).
4️. Орта сапасы – бұл баланы үйренуге ыңғайлы, қауіпсіз және қызықты болатын кеңістікті құру. Басты идея: орта тек үйретіп қана қоймай, шабыттандыруы тиіс.
Біз болашақты күтпейміз - оны бүгіннен бастаймыз. №79 гимназияда заманауи талаптарға сай келетін жағдайлар жасалған:
– цифрлық және STEM-зертханалар, интерактивті экрандары бар медиа-аймақтар;
– оқушылар мен педагогтерге арналған бірлескен жұмыс коворкинг-кеңістіктері.
№79 гимназияда психологиялық-педагогикалық қолдау кабинеті жұмыс істейді.
Ол оқушылардың эмоциялық ахуалын тұрақтандыруға бағытталған. Инфрақұрылымның әрбір элементі – баланың тұлғалық әлеуетін ашуға қызмет етеді. Осылайша, білім сапасы – педагогика сапасы – қарым-қатынас сапасы – орта сапасы
№79 гимназияның сапа экожүйесін қалыптастырады.
Жүйелі жұмыстың нәтижесі айқын:
- оқушылар контингенті тұрақты сақталған;
- білім сапасы жыл сайын артып келеді;
- олимпиадалар мен байқаулардың қалалық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жеңімпаздары көбеюде;
- түлектер еліміздің және шетелдің жетекші жоғары оқу орындарына сәтті түсуде.
Ең маңыздысы – біз балаларымыздың өзіне сенімді, дербес және мейірімді болып қалыптасып келе жатқанын байқаймыз. Нағыз сапа – бұл әр баланың жеке табысы мен жетістігі.
Сапа – бұл ілгерілеуге жетелейтін шығармашылық қуат. Бұл тұрақты көрсеткіш емес, даму ресурсы:
– педагогтердің өсу ресурсы,
– оқушыларды ынталандыру ресурсы,
– ата-аналардың сенім ресурсы.
Сенім деңгейі артқан сайын, мектептің білім беру импульсы да күшейеді. Алматы қаласының «Үздік білім беру ұйымы» байқауындағы жеңіс –
зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Біздің миссиямыз – сапа деңгейін сақтап, арттыру, өзгелерге шабыт беру. Біздің басты мақсатымыз – ақылды ғана емес, бақытты бала тәрбиелеу. Өйткені білім сапасы – бұл баланың мектептегі өмір сапасы.
Үлкен қалада бәрі сәт сайын өзгеріп жатқанда, мектеп тұрақтылықтың, сенімнің және мәннің шамшырағына айналуы керек. Егер әр оқушы мектеп қабырғасынан өз-өзіне сеніммен шықса - демек, сапа стратегиясы өз нәтижесін берді.




