Гимназияның 11-сынып оқушысы Дана Қадырбек Су ресурстары және ирригация министрлігімен меморандумға қол қойып, инновациялық экологиялық жобасы үшін халықаралық танылуға ие болды

Гимназиямыздың 11-сынып оқушысы Дана Қадырбек пен Су ресурстары және ирригация министрлігі арасында меморандумның қол қойылуы бүгін Қазақстандағы барлық бұқаралық ақпарат құралдарының назарында болды. Заманауи наноматериалдар арқылы атмосферадан суды электр қуатынсыз жинауға мүмкіндік беретін Дана әзірлеген ғылыми жоба «жасыл» инновациялар саласындағы маңызды бастамалардың біріне айналды.
Бұл ғылыми жұмыс көптеген халықаралық және республикалық байқауларда жоғары бағаланды. Жоба Оңтүстік Кореяда өткен WICO халықаралық олимпиадасында 36 ел мен 2000-нан астам қатысушы арасында 1-орын, Индонезиядағы Жас зерттеушілердің халықаралық ғылыми көрмесінде (YISF) 24 ел ішінде 1-орын иеленді, сондай-ақ ҚазҰУ халықаралық конференциясы мен Kazakhstan Smart Space ғарыштық технологиялар және техника бойынша халықаралық байқауында марапаттарға ие болды.
Дана Қадырбектің жобасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіпті дамыту ұйымымен (UNIDO) бірлесе жүзеге асатын «жасыл» стартаптарды қолдауға арналған халықаралық бағдарлама — Global Cleantech Innovation Programme (GCIP) жартылай финалистерінің ондығына да енді. Жоба Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 500-ден астам өтінімнің ішінен іріктеліп алынған.
https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/1117618?lang=ru