Алматыдан – Иллинойсқа: білімнің жаңа көкжиектеріне қадам



2025 жылғы 15–26 қыркүйек аралығында гимназия директоры Цай Р.А. мен тарих пәнінің мұғалімі Жендубаев А.Д. Алматы қаласы делегациясының құрамында АҚШ-тағы Урбана-Шампейн қаласындағы Иллинойс университетінің базасында біліктілікті арттыру курсынан өтті, Алмалы ауданын таныстырып.
Бағдарлама заманауи білім беру ұйымдарын басқарудың өзекті тәсілдерін, инклюзивті білім беруді дамытуды, мектеп пен жергілікті қауымдастық арасындағы серіктестікті қалыптастыруды, сондай-ақ оқу-тәрбие үдерісіне инновациялық тәжірибелерді енгізуді зерттеуге бағытталды.
Стажировка барысында қатысушылар Иллинойс штатының білім беру жүйесімен танысып, Шампейн және Рантул округтеріндегі мемлекеттік мектептерге барды, семинарлар мен тренингтерге қатысты, сондай-ақ АҚШ білім беру мекемелерінің өкілдерімен кездесулер өткізді. Ерекше назар мектептегі көшбасшылыққа, цифрлық трансформацияға және әртүрлі білім алу қажеттіліктері бар оқушыларды қолдауға аударылды.
Алынған білім мен тәжірибе мектептің білім беру ортасын одан әрі дамытуға, басқаруды жетілдіруге және оқу сапасын арттыруға негіз болмақ.
Мектеп бағдарлама ұйымдастырушыларына және Урбана-Шампейн қаласындағы Иллинойс университетіндегі серіктестерге тәжірибе алмасуға және білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік бергендері үшін алғысын білдіреді.